Теңіз кені орнында тоғыз айда 21,5 млн тонна мұнай өндірді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысындағы Теңіз кен орнында шикі мұнай өндіру көлемі 2018 жылдың үш тоқсанында 21,5 млн тоннаны құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Теңізшевройл» ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Теңізде 21,5 млн тонна немесе 171,3 млн баррель мұнай өндірілді. ТШО алғашқы үш тоқсанда 1 млн тонна сұйытылған газ, 6,9 млрд текше метр құрғақ газ және 1,8 млн тонна күкірт өндірді», - деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.
Теңіз мұнай кен орны 1979 жылы ашылған. Ол әлемдегі ең терең әрі ірі мұнай кендерінің бірі. «Теңізшевройл» ЖШС 1993 жылғы 6 сәуірде Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» компаниясының арасындағы келісім негізінде құрылды. Бүгінде компания акцияларының 50 пайызы «Шеврон», 20 пайызы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, 25 пайызы «ЭксонМобил Казахстан Венчурс Инк.», қалған 5 пайызы «ЛукАрко» бірлескен кәсіпорнына тиесілі.