Теңіз кенішінде коронавирустан емделіп жатқан науқастар 800-ден асты

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Қызыл» аймаққа қайта оралған Атырау облысының Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда емделіп жатқан науқастар саны 800 адамнан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Теңіз кенішінде коронавирустан емделіп жатқан науқастар 800-ден асты

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өткен тәулікте тағы 101 адамнан коронавирус инфекциясы анықталып отыр.

Оның ішінде Атырау қаласында 9 адамнан, Теңіз кенішінде 78 жұмысшыдан коронавирус белгісі табылған.

Ал Жылыой ауданында – 2, Құрманғазы ауданында 12 адам қауіпті індетке шалдыққан.

«Науқастардың 12-сінде симптом бар. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясынан 32 адам емделіп шықты. Қазір 321 адам үй жағдайында емделуде. Облыстық инфекциялық стационарда - 95, аудандардағы стационарларда - 39, Теңіз кенішіндегі стационарда - 811 адам ем қабылдап жатыр» деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кенішінде бір тәулікте 144 жұмысшыдан коронавирус анықталған болатын.