Теңіз кенішіндегі өндірісті кеңейту мұнай өндірісін жылына 12 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді - Сауат Мыңбаев

АТЫРАУ. 21 сәуір. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атырау облысының Теңіз кенішіндегі мұнай өндірісі жылына 12 миллион тоннаға артуы мүмкін. Атырауда Теңіз кенішіндегі мұнай өндірісінің басталуының 20 жылдығына арналған жиналыста еліміздің мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев осындай мәлімдеме жасады.
None
None

«Кеніштің маңызы үлкен. «Теңізшевройл» бүгінде жылына 26 миллион тоннадай мұнай өндіруде. Бұл Қазақстан бойынша өндіріліп жатқан барлық мұнайдың үштен біріне жетеқабыл. Бірақ келешек туралы айтар болсақ, мұнай өндірісін арттыруда Теңіздің келешегі кемел. Қазір компанияның ішінде өндірісті кеңейту жобасы қарастырылуда. Бұл жоба жылдық өндіріске тағы 12 миллион тонна мұнай қосуға мүмкіндік береді», - деді С.Мыңбаев.

Теңіз кенішінде өнеркәсіптік мұнайдың алғаш өндіріле бастауының 20 жылдығына арналған шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлау шараларының аясында өтіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, әлемдегі ең терең кеніш саналатын Теңіз кенішінде алғашқы мұнай 1991 жылы өндірілген болатын. Теңіздің барланған қоры 3 миллиард тоннаны құрайды, әлемдік жіктелім бойынша бұл көрсеткіш Теңізді ең үлкен кеніштерінің қатарына жатқызуға мүмкіндік береді. 1993 жылы Қазақстан мен американдық «Шеврон» компаниясының арасында Теңізді бірлесіп игеру туралы келісімшарт жасалып, «Теңізшевройл» ЖШС құрылған болатын. Жылына 800 мың тонна мұнай өндіруден бастаған компанияның өндірісі біртіндеп 26 миллион тоннаға жетіп отыр. «Теңізшевройл» бүгінде Қазақстандағы ең ірі мұнай өндіруші кәсіпорын.

Соңғы жаңалықтар