Теңіз құрттарынан жасанды қан өндірілді
АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - Румын ғалымдары теңіз құрттарынан жасанды қан өндірді. Кеміргіштерге жасалған сынақ алынған қанды науқастарға қолдануға болатынын көрсетті.
Бұл жайлы Segodnya.ua порталы хабарлайды. Жасанды қан су, тұз және гемэритрин темірлі ақуызынан тұрады. Қанға оттегі жібере алатын гемэритрин ақуызы теңіз құрттарынан (көпқылшықты құрттар немесе полихеттер) алынған. Алдағы жылдары жасанды қан ниет білдірген науқастарға клиникалық сынақ ретінде қолданылмақ. Ғалымдардың айтуынша, тұз бен темірлі ақуыздан жасалған қанды ұзақ сақтауға болады әрі оның қатты формада болуы тасымалдауды жеңілдетеді, қажет кезде судың көмегімен сұйық қанға ауыстыру оңай. Ең бастысы, жаңадан өндірілген зат қан тапшылығы мәселесін шешеді, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.