«Теңізшевройл» 2015 жылдың І тоқсанында 7,1 млн. тонна мұнай өндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Теңізшевройл» 2015 жылдың І тоқсанында 7,1 млн. тонна мұнай өндірді, деп хабарлады аталған компанияның баспасөз қызметінен.
Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, шикі мұнай Каспий құбыр концорциумының құбыры арқылы Новороссийскіге, ал темір жолмен Одесса, Тамань және Ақтауға, әрі қарай Батуми мен Кулевиге экспортқа жіберіледі.
««Теңізшевройл» сұйытылған газ сату көлемін 350 мың тоннаға, ал құрғақ газ сату көлемін 1,86 миллиард текше метрге жеткізді. 910 мың тонна күкірт сатты. 2015 жылдың 31 наурызындағы мәліметке сәйкес, күкіртті сату бағытындағы табысты жұмыс нәтижесінде Теңізде сақталған күкірт көлемі 8 мың тоннаға дейін азайтылды», - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, «Теңізшевройл» жоғары сапалы күкірттің төрт түрін Жерорта теңізі бассейні мен Орта Азия елдеріндегі тұтынушыларға және Қазақстан, Ресей, Украина, Қытайға өткізуде.