«Теңізшевройл» қызметкерлерінің 84 пайызын қазақстандықтар құрайды

АЛМАТЫ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны қызметкерлерінің 84 пайызын қазақстандықтар құрайды.

«Теңізшевройл» қызметкерлерінің 84 пайызын қазақстандықтар құрайды

Бұл туралы «Шеврон» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Замира Қанапиянова Алматыда ҚазҰТУ стипендияттарына сертификат тапсыру рәсімінде айтты.

«Біздің «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнымызда жергілікті қызметкерлердің үлесі 84 пайызды құрайды. Ал әр деңгейдегі басшылық қызметтердің 77 пайызын қазақстандықтар атқарады», - деді ол.

«Шеврон» компаниясы бүгінгі таңда әлемнің 10 мемлекетіндегі 16 үздік оқу орындарымен тығыз жұмыс істейді. Оның ішінде, АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Қазақстан сияқты мемлекеттер бар.

Ал компания Қазақстандағы білім беруді қолдау мақсатында әр жылдарда ҚМЭБИ, Халықаралық бизнес академиясы, Қазақ бас сәулет құрылыс академиясы, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, Қазақ мемлекеттік агротехникалық университеті мен Қыздар мемлекеттік педагогикалық университеті секілді ЖОО-ларға қолдау көрсетіп келеді.