14:26, 15 Қараша 2013 | GMT +5
«Теңізшевройл» ЖШС-ның кеңею жобасы аясында қосымша 20 мың жұмыс орны ашылады - ҚР Мұнай және газ министрі
АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мен «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Брэд Миддлтон ҚР Үкіметі мен «Теңізшевройл» ЖШС арасындағы «Теңізшевройл» ЖШС-н келешекте кеңейту жобасы мен ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын жүзеге асыру арқылы инвестициялар тартуға, мамандарды оқытуға және даярлауға, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды.

Меморандумның маңызына тоқталған Ұ. Қарабалин, «Теңізшевройл» ЖШС-ның болашақта кеңею жоспары бойынша елімізде 20 мың қосымша жұмыс орны ашылатынын мәлімдеді. «Аталған меморандум аясында ТШО-ның Теңіз кен орнындағы жұмыс көлемін ұлғайту қолға алынады. Осы жоба аясында Теңіздегі мұнай өндіру көлемі жылына 26 млн. тоннадан 38 млн. тоннаға дейін өседі деп жоспарлап отырмыз. Бұлай мұнай өндіруді біртіндеп молайту арқылы Қазақстан экономикасына елеулі пайда түсіретін боламыз», - деп атап өтті министр. Сондай-ақ, министрдің айтуынша, бұл меморандум қазақстандық тараптың көптеп тартылуын қамтамасыз етеді. Мәселен, жаңадан салынып жатқан ғимараттарға қосымша 20 мың қазақстандық мамандар тартылады. Сонымен қатар, еліміздің металл құрылғыларын жасаумен айналысатын компанияларының да үлкен мөлшерде тапсырыстар алу мүмкіндігі қарастырылған. Айта кету керек, қазіргі уақытта кеңею жұмыстары жоспарлау кезеңінде. Бұл үдеріс жыл соңына дейін аяқталып, 2014 жылы толық қабылданбақшы.