Теннис ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы іріктеу жарысын екінші орынмен түйіндеді
АСТАНА. KAZINFORM — Малайзияның Кучинг қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында теннистен әлем чемпиионатының Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирі аяқталды.

Іріктеу жарысында алғаш рет финалға шыққан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді.
Сағадат Аяптың шәкірттері соңғы бәсекеде Жапония құрамасына 0:2 есебімен жол берді.
— Қазақстан құрамасын Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу додасында екінші орын алып, әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығуымен құттықтаймын. Ахмади Мақанов, Хақназар Жеткербай, Бексұлтан Бауыржанов және капитан Сағадат Аяп командалық сында шыңдала түскендігін, спорттық мінез бен дайындықтың жоғары деңгейін көрсете білді. Бұл нәтиже Қазақстан теннис федерациясы жүзеге асырып отырған стратегияның тиімділігін танытады, — деді Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев.
Қазақстан құрамасы ширек финалда Қытайлық Тайбэй командасын 2:1 есебімен жеңгеннен кейін әлем чемпионатының финалдық кезеңіне мерзімінен бұрын шыққан болатын.
Жасөспірімдер арасында командалық әлем чемпионатының финалдық турнирі биыл 4-9 тамызда Чехияның Простеев қаласында өтеді.
Дүниежүзілік додаға Азиядан Қазақстанмен қатар Жапония, Корея және Гонконг жолдама алды.
Қытай, Аустралия, Үндістан сияқты мықты құрамалар әлем чемпионатынан тыс қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының іріктеу турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингідегі орны анықталды.