Теннис: Александр Бублик Ньюпорт турнирінің ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Бублик АҚШ-та өтіп жатқан Ньюпорт ATP турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 83-ракеткасы, 22 жасар А.Бублик екінші айналымда рейтингте 167-орындағы сербиялық Виктор Троицкимен кездесті.

Рейтингте төменгі орында тұрғанымен, 33 жасар В.Троицки кезінде жоғары табыстарымен көрінген аса тәжірибелі теннисші еді.

Бірінші партияда сербиялық спортшы 6:3 есебімен басым түсті.

Екінші сетте қазақстандық теннисші дәл сондай есеппен есе қайырды.

Үшінші, шешуші партияда бірден брейк жасаған А.Бублик алға шықты – 2:0. Бұдан кейін Александр тағы бір брейкке қол жеткізгенімен, қарсыласы сол бойда қарымта қайыра білді – 4:2. Дегенмен А.Бублик тағы бір брейкпен матчқа нүкте қойды – 6:3.

Бәсеке 1 сағат 51 минутқа созылды.

А.Бублик жартылай финалға шығу үшін осы жарыстың екінші, әлемнің 62-ракеткасы, франциялық Адриан Маннарино немесе рейтингте одан он саты төменде тұрған америкалық Теннис Сандгреннің біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Ньюпорт додасын сәтті бастағанын, Александр Недовесовтің Нұр-Сұлтан жарысының үшінші, Гөзал Айнитдинова мен Жібек Құламбаеваның екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар