Теннис: Александр Недовесов жұптық сында АҚШ-тағы турнирдің финалында жеңіліп қалды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Делрэй Бич (АҚШ) ATP 250 турнирінің финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, қазақстандық теннисші пәкстандық Айсам-уль-Хак Курешимен бірге финалда жарыстың 1-ракеткалары Марсело Аревало (Сальвадор) – Жан-Жюльен Ройермен (Нидерланды) бас жүлдені сарапқа салды.
Тартысты матчта сальвадорлық-нидерландылық жұп 6:2, 6:7 (5:7), 10:4 есебімен жеңіске жетті.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Недовесов пен Куреши 1 эйс жасап, 1 брейкпен шектелді.
Осылайша А.Недовесов өз спорттық жолында ATP 250 додасында алғашқы титулына қол жеткізе алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Дохада әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасына жол бергенін жазған болатынбыз.