Теннис: әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы 21 жасар спортшыдан жеңіліп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін теннистен Мельбурн қаласында өтіп жатқан Австралия ашық чемпионатында күтпеген оқиғалар тіркелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, Австралия чемпионатының алты дүркін жеңімпазы, атақты сербиялық теннисші Новак Джокович Азияның жарық жұлдызы, 21 жасар оңтүстіккореялық Чхун Хеннен ұтылып қалды. Тамаша ойнаған Ч.Хен 3 сағат 24 минутқа созылған матчта 7:6 (7:4), 7:5, 7:6 (7:3) есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп ол Оңтүстік Корея елінің тарихында тұңғыш рет Австралия біріншілігінің ширек финалына жолдама алды.

Бір қызығы, Ч.Хен бала кезінде Н.Джоковичті пір тұтқан көрінеді. Енді оның ширек финалдағы қарсыласы - америкалық Теннис Сандгрен. Дүниежүзілік рейтингте 97-інші орында тұрған Т.Сандгрен де бүгін сенсация жасап, Австралия елінің басты үміті, осы турнирдің бесінші ракеткасы Доминик Тимді аса тартысты матчта ұтып кетті. Төрт сағатқа жуық уақытқа созылған кездесуде америкалық теннисші 6:2, 4:6, 7:6 (7:4), 6:7 (7:9), 6:3 есебімен жеңіске жетті. Енді күтпеген нәтижеге қол жеткізген қос спортшы сәрсенбі күні өзара кездесіп, жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Айта кетейік, Австралия чемпионатында ерлер арасындағы жекелей сынға Қазақстаннан жалғыз қатысқан Михаил Кукушкин алғашқы айналымнан аса алмаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар