Теннис: Ана Иванович әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямсты ұтып кетті
ОРАЛ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Мельбурнда өтіп жатқан Австралияның ашық чемпионатында бүгін сербиялық Ана Иванович әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямсты ұтты.
Рейтингте 14-інші болып тұрған А.Иванович Серенаға қарсы ойын тактикасын дұрыс құра білді. Әсіресе, екінші, үшінші партияда әдемі де тапқыр ойынымен қарсыласын тұсап тастады. Сөйтіп 4:6, 6:3, 6:3 есебімен Серена Уильямсты жеңген Ана Иванович ширек финалға жолдама алды. Мұны сенсациялық оқиға деуге болады. Өйткені С.Уильямс көптен бері жеңіліп көрмеген еді әрі А.Иванович атақты американдық теннисшіні бұған дейін бір партияда төрт геймнен артық ұта алмапты.
Сонымен, осыған дейін Австралияның ашық чемпионатын бес рет ұтқан Серена жарыс жолынан шығып қалды. Бұл - кезінде өзі де бірінші ракетка болған А.Иванович, ресейлік Мария Шарапова, белоруссиялық Виктория Азаренко және басқа теннисшілерге жол ашылып отыр деген сөз.