Теннис: Анна Данилина Дубайдағы турнирдің ширек финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Дубайдағы ITF W 100 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жарыстың бірінші ракеткалары болып тіркелген А.Данилина словакиялық Виктория Кузьмовамен бірге беташар ойындарында ресейліктер Оксана Селехметьева – Анастасия Гасановамен кездесті.

Бірінші партияда Данилина мен Кузьмова үш брейктің нәтижесінде басымдылық танытты – 6:3.

Екінші сетте қазақстандық-словакиялық жұп 2:4 есебімен ұтылып жатып, таразы басын теңестірді. Сосын 5:5 болған мезетте тағы бір брейк жасап, өз геймдерін де алды – 7:5.

А.Данилина мен В.Кузьмова жартылай финалға шығу үшін түркиялық Берфу Ченгиз – Польша өкілі Вероника Фалковска немесе словакиялық Кристина Куцова – Рената Воракова жұптарының қай жеңгенімен таласады.

Жекелей сында А.Данилина алғашқы айналымда А.Гасановаға есе жіберді – 1:6, 4:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық қыздардың Азия біріншілігінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар