Теннис: Анна Данилина Сидней турнирінің ширек финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Сидней WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Анна Данилина Сидней турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге жарыстың үшінші ракеткаларын жеңіп, күтпеген нәтижеге қол жеткізді.

Қазақстандық-бразилиялық жұп 1 сағат 5 минутқа созылған бәсекеде канадалық Габриэла Дабровски – мексикалық Джулиана Олмосты 6:4, 6:2 есебімен ұтты.

Анна мен Беатрис жартылай финалға шығу үшін ресейліктер Екатерина Александрова – Натела Дзаламидземен таласады.

Ерлер арасындағы осы жарыста Андрей Голубев пен хорватиялық Франко Скугор корт иелері, аустралиялықтар Мэтт Рид – Алексей Попыринге 3:6, 1:6 есебімен есе жіберді.

Тағы бір қазақстандық Александр Недовесов пәкстандық Айсам Курешимен бірге бүгін жартылай финалға шығу үшін аустралиялық Джон Пирс – словакиялық Филип Полашекпен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жарақатына байланысты Сидней жарысын жалғастыра алмағанын, Юрий Польскийдің Азия теннис федерациясының вице-президенті болып тағайындалғанын жазған едік.