Теннис: Astana Open турнирінің тұңғыш чемпиондары анықталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Astana Open ATP 250 турнирінің тұңғыш чемпиондары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елордада ATP 250 деңгейінде алғаш рет өткен жарыста жекелей сында финалда әлемнің 39-ракеткасы, франциялық Адриан Маннарино рейтингте 45-орында тұрған аустралиялық Джон Миллман күш сынасты.
Екеуінің де тәжірибесі мол, жас шамалары қарайлас теннисшілер еді. Бұған дейін олар өзара екі мәрте кездескен. Өткен жылы Токио додасында Д.Миллман алғашқы айналымда А.Маннариноны ұтып, финалға дейін жетіп, онда әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джоковичке есе жіберген. Биыл АҚШ-тағы Цинциннати жарысында да аустралиялық теннисші қарсыласынан басым түскен. Дегенмен А.Маннарино 2019 жылы Нидерланды еліндегі Хертогенбосх ATP 250 турнирінде топ жарған болатын.
Astana Open турнирінде А.Маннарино финалға дейін сәтті ойнап, қарсыласына бірде-бір сетті беріп көрмесе, аустралиялық теннисші америкалықтар Томми Пол мен Фрэнсис Тиафодан үшінші, шешуші партияда жеңіліп жатып, ұтып кеткен еді.
Бірінші партия барысында франциялық спортшы брейк-пойнттарын пайдалана алмады. Ал Д.Миллман есеп 6:5 болған мезетте брейк жасап кетті – 7:5.
Д.Миллман екінші сетте де брейкпен алға шықты – 3:1. Тағы бір брейк – 5:1. Содан кейін матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:1
Финалдық бәсеке 1 сағат 48 минутқа созылды.
Осылайша 31 жастағы Д.Миллман Astana Open жарысының тұңғыш чемпионы атанды. Бұл оның ATP турнирлеріндегі алғашқы жеңісі еді.
Жұптық сында финалда турнирдің бірінші және екінші ракеткалары, бельгиялықтар Сандер Жилле мен Йоран Флиген және аустралиялықтар Макс Пёрселл мен Люк Сэвилл шеберлік байқасты. Мұнда бельгиялық жұп шын мәнінде де мықты екендігін танытып, 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп елдеріне бас жүлдемен қайтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Astana Open турнирінде финалға шыққан теннисшілердің белгілі болғанын, А.Бубликтің Париж жарысындағы қарсыласы анықталғанын жазған едік.