Теннис: Австралия ашық чемпионатында қазақстандық Юлия Путинцева екінші айналымнан аса алмады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мельбурн қаласында теннистен өтіп жатқан Австралия ашық чемпионатының екінші айналымында Қазақстанның бірінші, осы турнирдің 31-інші ракеткасы Юлия Путинцева Латвия елінің өкілі Елена Остапенкомен кортқа шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, осы біріншіліктегі Қазақстанның соңғы үміті Ю.Путинцева Е.Остапенкоға пәлендей қарсылық көрсете алмай, 3:6, 1:6 есебімен есе жіберді. Елена Остапенко үшінші айналымда осы турнирде бесінші болып тіркелген чехиялық Каролина Плишковамен кездеседі. Бір қызығы, Каролинаның сыңары Кристина да сәтті өнер көрсетуде. Ол үшінші айналымда әлемнің бірінші ракеткасы, германиялық Анжелика Кербермен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, сонымен Австралия турнирінде жекелей сында Қазақстаннан ешкім қалған жоқ.
Бұдан бұрын Зарина Дияс қазақ қыздары арасында алғаш рет 2014-2015 жылдары Австралия ашық чемпионатының үшінші айналымына дейін жеткен болатын.