Теннис: Австралия ашық чемпионатында Қазақстаннан екі-ақ теннисші келесі айналымға өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мельбурн қаласында теннистен өтіп жатқан Австралия ашық чемпионатында Қазақстаннан екі-ақ спортшы ғана келесі айналымға өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Теннис: Австралия ашық чемпионатында Қазақстаннан екі-ақ теннисші келесі айналымға өтті

Қазақстанның бірінші, осы турнирдің 31-інші ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда испаниялық Лара Арруабарренаны екі сағат 47 минутқа созылған бәсекеде 7:6 (9:7), 7:6 (12:10) есебімен ұтты. Матчтың аса тартысты болғаны сондай, екі партия да тай-брейкпен аяқталды. Ал ерлер арасындағы Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин үмітті ақтай алмады. Ол негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған америкалық Фрэнсис Тиафоға 1:6, 7:6, 3:6, 2:6 есебімен есе жіберді. Есесіне Қазақстан азаматтығын өткен жылы ғана алған бұрынғы ресейлік, әлемдік рейтингте 207-інші сатыда тұрған 19 жасар Александр Бублик ерледі. Ол іріктеу жарысында жеңімпаз атанып қана қоймай, Австралия чемпионатындағы беташар бәсекесінде осы турнирдің 16-ыншы ракеткасы, франциялық Люка Пуиды бір сағат 43 минутта 6:0, 3:6, 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Әйелдер арасындағы жекелей сында әлемнің 39-ыншы ракеткасы Ярослава Шведова осы турнирдің 27-інші ракеткасы, румыниялық Ирина Бегуге 7:5, 3:6, 4:6 есебімен жол берсе, тағы бір қазақстандық Галина Воскобоева Украинаның жарық жұлдызы, Австралия біріншілігінде 11-інші болып тіркелген Элина Свитолинаға жөнді қарсылық көрсете алмады (0:6, 2:6).

Сонымен, екінші айналымға өткен Юлия Путинцеваның келесі қарсыласы - латвиялық Елена Остапенко. Ол бірінші кездесуінде қытайлық Чжу Линьді 6:4, 6:0 есебімен оңай ұтты. Егер бабы мен бағы келіссе, Юлия өзінен екі жас кіші, рейтингісі де төмендеу бұл теннисшіні де ұта алады. Дегенмен әлемнің 4-інші ракеткасы, румыниялық Симона Халептің алғашқы айналымнан аса алмай қалғанын, басқа да мықтылардың күтпеген кедергілерге тап болып, қиналысқа түскенін ескерсек, алдын ала жорамал айту қиын. Қазірдің өзінде спорттық жолында үздік нәтижеге  қол жеткізіп отырған Александр Бублик екінші айналымда Тунис елінің 33 жастағы тәжірибелі өкілі Малик Жазиримен күш сынасады. www.championat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, А.Бублик 18 қаңтарда, Ю.Путинцева 19 қаңтар күні елең-алаңда кортқа шығады.