Теннис: Австралия ашық чемпионатында З.Дияс алғашқы айналымнан аса алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мельбурн қаласында теннистен Австралия ашық чемпионатының екінші күні өтуде.

Теннис: Австралия ашық чемпионатында З.Дияс алғашқы айналымнан аса алмады

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Қазақстанның маңдайалды теннисшісі Зарина Дияс американдық, осы турнирдің 15-інші ракеткасы болып тіркелген Мэдисон Кистен 6:7, 1:6 есебімен жеңіліп қалды. Заринаның бірінші партияны ұтатындай толық мүмкіндігі болды. Ол өзі доп берген кезде үш сетболды пайдалана алмады. Бұдан кейін есепті теңестірген М.Кис тайбрейкте таразы басын өзіне аудара білді. Ал екінші партияда ондай тайталас бола қойған жоқ. Сөйтіп Зарина Дияс Юлия Путинцеваның кешегі ерлігін қайталай алмады.

Еске сала кетейік, М.Кис өткен жылғы Австралия біріншілігінде сол турнирдің төртінші ракеткасы, чехиялық Петра Квитова, отандасы Винус Уильямсты ұтып, жартылай финалға дейін жеткен болатын. Жартылай финалда сол чемпионаттың болашақ жеңімпазы, Винустың сіңлісі, әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямсқа ғана есе жіберген еді. Осылайша айды аспанға шығарған Мэдисонның бұл жоғары жетістігі оның рейтингісінің күрт көтерілуіне мүмкіндік берді. Ал Зарина өткен жылы осы турнирдің үшінші айналымына дейін жетіп, онда ресейлік Мария Шараповаға жол берген болатын.