Теннис: Австралия ашық чемпионатында З.Дияс пен Я.Шведова алғашқы қарсыластарын ұтса, өзара кездеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мельбурн қаласында теннистен биылғы «үлкен дулыға» турнирінің біріншісі - Австралия ашық чемпионатының жеребесі тасталды.

Теннис: Австралия ашық чемпионатында З.Дияс пен Я.Шведова алғашқы қарсыластарын ұтса, өзара кездеседі

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Қазақстанның бірінші, әлемнің 52-інші ракеткасы Зарина Диясқа осал қарсылас түскен жоқ. Ол өзінен екі жас кіші болса да, осы турнирдің 15-інші ракеткасы болып тіркелген американдық Мэдисон Киспен шеберлік байқасады. Ал әлемнің 71-інші ракеткасы Ярослава Шведова өзінің құрдасы, 28 жасар болгариялық Цветана Пиронковамен кортқа шығады. Егер қазақстандық теннисшілер қарсыластарын ұтса, екінші айналымда өзара кездеседі. Тағы бір қазақстандық, рейтингте 78-інші сатыда тұрған Юлия Путинцева кезінде әлемнің бірінші ракеткасы болған, осы жарыста 16-ыншы болып тіркелген даниялық Каролина Возняцкимен күш сынасады.

Ерлер арасындағы бәсекеде Қазақстанның бірінші, әлемнің 63-інші ракеткасы Михаил Кукушкин осы турнирде 32-інші болып тіркелген португалиялық Жоау Соузамен кездеседі. Оған қоса іріктеу сайыстарынан өтсе, тағы бір қазақстандық Александр Недовесов та негізгі турнирде өнер көрсетеді.

Айта кетейік, өткен жылғы Австралия біріншілігінде Қазақстанның басты үміті Зарина Дияс поляк қызы Урсула Радваньска мен словакиялық Анна Шмидлованы ұтып, үшінші айналымда атышулы ресейлік Мария Шараповаға есе жіберген болатын.