Теннис: Австралия ашық чемпионатының финалында Рафаэль Надаль мен Роджер Федерер кездеседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін теннистен Австралия ашық чемпионатында ерлер арасында жартылай финалда испаниялық Рафаэль Надаль мен болгариялық Григор Димитровтің кездесуі аса тартысты өтіп, бес сағатқа жуық уақытқа созылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Еуроспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, Р.Надаль осы айтулы доданың 9-ыншы ракеткасы болса, Г.Димитров 15-інші болып тіркелген еді. Рафаэль Надаль әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы болғанымен, болгариялық теннисшінің соңғы жылдары шеберлік деңгейі өсе түскен еді. Сондықтан қарсыластар тайталасып-ақ бақты. Бірінші партияда Надаль 6:3 есебімен жеңіске жетсе, одан кейін Димитров 7:5 есебімен есе қайырды. Содан соң тай-брейкте испаниялық теннисші басым түссе, сосын дәл осындай жағдайда болгариялық спортшы есе қайырды. Шешуші, бесінші партияда есеп 4:4 болып тұрған сәтте Р.Надаль брейк жасап кетті. Ақыры ол 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Енді Р.Надаль финалда өзінің көптенгі сыралғы қарсыласы, әлемнің бұрынғы тағы бір бірінші ракеткасы, швейцариялық Роджер Федерермен кездеседі. Екеуі «Үлкен дулыға» турнирлерінде талай мәрте жеңіске жеткенімен, соңғы жылдары жолдары болмай жүрген еді. Енді біреуінің Австралия ашық чемпионатын ұтатыны анық.
Еске сала кетейік, әйелдер арасындағы жекелей сында америкалық апалы-сіңлілі Винус пен Серена Уильямс кортқа шығады. Олардың да финалда өзара кездеспегеніне біраз уақыт өткен еді. Бұл да осы біріншіліктің бір ерекшелігі болып отыр.