Теннис: Бір күні өмірге келген қос спортшы жартылай финалда кездеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парижде теннистен өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінде латвиялық Елена Остапенко өзінің спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» жарысының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Теннис: Бір күні өмірге келген қос спортшы жартылай финалда кездеседі

«Еуроспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, ол ширек финалда даниялық, кезінде әлемнің бірінші ракеткасы болған Каролина Возняцкиді 4:6, 6:2, 6:2 есебімен ұтты. Әсіресе, соңғы партияда әлемдік рейтингте небәрі 47-інші орында тұрған 19 жасар Остапенко осы турнирде 11-інші ракетка болып тіркелген тәжірибелі Возняцкиден 1:2 есебімен ұтылып жатып, содан кейін қатарынан бес геймді өз есебіне жазды.

Осылайша, Елена Остапенко өзінің әзірге ең үлкен табысына қол жеткізіп қана қоймай, Латвия спортының тарихында әйелдер арасындағы жекелей сында бірінші рет «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалына шыққан теннисші атанып отыр. Енді ол 8 маусым күні Швейцария елінің өкілі, әлемнің 31-інші ракеткасы Тимя Бачинскимен жартылай финалдық кездесуін өткізеді. Бір қызығы, дәл сол күні Остапенко 20, Бачински 28 жасқа толады. Қайсысы жеңсе де, финалға жолдама алып, өзінің туған күніне ерекше сый жасайды.

Екінші жартылай финалда украиналық Элина Свитолина мен румыниялық Симона Халеп және франциялық Каролин  Гарсия мен чехиялық Каролина Плишкова жұптарының жеңімпаздары кездеседі. Бұл ширек финалдық матчтар 7 маусым күні өтеді. Мұнда әлемнің үшінші және төртінші ракеткалары Каролина Плишкова мен Симона Халептің мүмкіндіктері көбірек.

Тағы бір айта кететін жайт, биыл «Ролан Гаррос» турнирінің әйелдер арасындағы бәсекесінде бұрын ешқашан бұл жарыста озып шықпаған теннисші жеңімпаз атанады. Яғни турнирдің бұрынғы жеңімпаздарының барлығы да жарыс жолынан шығып қалды.