Теннис: Бублик Мельбурн турнирінің ширек финалына шыға алмады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Бублик Мельбурнда өтіп жатқан ATP 250 Great Ocean Road Open турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда рейтингте 71-орында тұрған италиялық Стефано Травальямен күш сынасты.
Бірінші партияда италиялық теннисшінің айқын басымдылығы байқалды – 6:1.
Екінші сетте есесіне А.Бублик брейкпен алға кетті. Әйтсе де есеп 5:4 болып, сетке доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Жеңіс С.Травальяның еншісінде кетті – 7:5.
Бәсеке 1 сағат 6 минутқа созылды.
С.Травалья ширек финалда әлемнің 29-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Гуркач немесе рейтингте 70-сатыдағы уругвайлық Пабло Куэвастың біреуімен шеберлік байқасады.
Енді А.Бублик 8 ақпанда басталатын Аустралия ашық чемпионатында бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатының кейінге қалдырылмайтынын, Александр Недовесовтің Анталия турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.