Теннис: Бублик Монтеррей турнирінің жартылай финалына шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Александр Бублик Монтеррей челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 120-орында тұрған 21 жасар А.Бублик ширек финалда әлемнің 91-ракеткасы, испаниялық, 1981 жылғы Фелисиано Лопеспен күш сынасты.
Тартысты өткен бірінші сетте қазақстандық теннисші 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті.
Екінші партияны А.Бублик 6:3 есебімен аяқтады.
Бәсеке 1 сағат 10 минутқа созылды.
Александр Бублик финалға шығу үшін тағы бір тәжірибелі теннисші, 1991 жылғы америкалық, әлемнің 93-ракеткасы Теннис Сандгренмен кортқа шығады.
Бір қызығы, жуырда Майами турнирінің алғашқы айналымында А.Бублик Т.Сандгренмен шеберлік байқасып, аса тартысты бәсекеде оны 5:7, 6:4, 7:5 есебімен ұтқан болатын.
Майамиде іріктеу сайыстарын сәтті өткізіп, негізгі турнирдің екінші айналымына дейін жетуіне байланысты қазақстандық теннисші рейтингте 131-ден 120-сатыға дейін көтерілген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Монтеррей челленджер турнирін сәтті бастап, ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз. Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Михаил Кукушкин Марракеш (Марокко) турниріне қатыспайтын болды.
Әйелдер арасында Зарина Дияс Монтеррей турнирінің (жүлде қоры - 250 мың АҚШ доллары) екінші айналымына шыққанымен, келесі кездесуінде ұтылып қалды.