Теннис: Бублик пен Голубев жұптық сында Ролан Гаррос турнирін сәтті бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубев жұптық сында Ролан Гаррос турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Бублик пен Голубев жұптық сында Ролан Гаррос турнирін сәтті бастады

Қазақстандық жұп алғашқы айналымда франциялықтар Садьо Думбия – Фабьен Ребулмен кортқа шықты.

Бірінші партияда А.Бублик пен А.Голубев тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (9:7).

Екінші сетте қазақстандық жұп 5:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:1.

Бәсеке 1 сағат 17 минутқа созылды.

А.Бублик пен А.Голубев екінші айналымда Франция ашық чемпионатының 5-ракеткалары, хорватиялық Иван Додиг – словакиялық Филип Полашек немесе аргентиналық Андрес Мольтени – даниялық Фредерик Нильсен жұптарының қай жеңгенімен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шыққанын, Александр Бубликтің әлемнің екінші ракеткасына есе жібергенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ бүгін жекелей сында Юлия Путинцева жеңіліп қалды.