ТЕННИС: Бүгін Австралияда Қазақстан намысын З.Дияс пен Я.Шведова қорғайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін теннистен Австралия ашық чемпионатының үшінші күні.
None
None

Чемпионат.ком сайты жариялаған біріншілік кестесіне қарағанда, сәрсенбінің сәтінде алғашқылардың бірі болып қазақстандық, әлемнің 66-ыншы ракеткасы Ярослава Шведова Пуэрто-Рико елінің өкілі, жиырма бір жасар Моника Пуигпен сынға түседі. Олар екінші кортқа бірінші болып шығады. Алғашқы айналымда аса тартысты кездесуде чехиялық, әлемнің 16-ыншы ракеткасы Люси Шафаржованы жолдан тайдырған Я.Шведоваға қазақстандықтар тағы да үміт артады. Бұдан бұрын Я.Шведова М.Пуигті бір рет жеңген екен.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 31-інші ракеткасы Зарина Дияс сәл кейінірек 13-інші кортта словакиялық Анна Шмидловамен шеберлік байқасады. Бұл теннисшілер бұрын бір-бірімен кездеспеген. Бірінші айналымда поляк қызы Урсула Радваньсканы үш партияда тізе бүктірген Заринаға бұл жолы да көп тер төгуге тура келеді. Егер З.Дияс Австралия ашық чемпионатында неғұрлым сәтті өнер көрсетсе, бұл оған ұпай қорын толықтырып, үздік отыз теннисшінің қатарына енуге мүмкіндік береді.

Аталмыш сайт бұл матчтарда қазақстандықтар үш партияда ұтады деп жорамал жасап отыр.

Айта кетейік, жекелей сында қазір Қазақстаннан Зарина мен Ярослава ғана қалды. Қалған ойыншылар, атап айтқанда, Юлия Путинцева, ерлерден Михаил Кукушкин мен Андрей Голубев қарсыластарына есе жіберіп, алғашқы айналымнан аса алмады.

Соңғы жаңалықтар