Теннис: бүгін Уимблдон турнирі басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Лондонда теннистен «Үлкен дулыға» турнирінің бірі - Уимблдон жарысы басталады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Теннис: бүгін Уимблдон турнирі басталады

Championat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, әйелдер арасындағы сында Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-інші ракеткасы Юлия Путинцева 3 шілде күні Латвия елінің өкілі, дүниежүзілік рейтингте 19-ыншы орында тұрған Анастасия Севастовамен кездеседі. Бұл екеуі осыған дейін 2016 жылы Қытайдың Ухань қаласында бір кездесу өткізіп, онда Путинцева жеңіске жеткен. Егер қазақстандық теннисші Севастованы ұтса, екінші айналымда бельгиялық Марина Заневская немесе америкалық Хитер Уотсонның қай жеңгенімен ойнайды. Ал турнирге арнайы шақырту алған тағы бір қазақстандық, әлемнің 130-ыншы ракеткасы Зарина Дияс 4 шілде күні дүниежүзілік рейтингте өзінен он саты жоғары тұрған қытайлық Синьюнь Ханьмен күш сынасады. Бұған дейін қарсыластар үш матч өткізіп, бәрінде де Зарина ұтқан. Бұл жұптың жеңімпазы келесі кездесуін әлемнің 17-інші ракеткасы Анастасия Павлюченкова немесе орыс елінде туып-өскенмен, Австралияның намысын қорғап жүрген Арина Родионованың біреуімен өткізеді. Қазақстандық Ярослава Шведова жарақатына байланысты Уимблдон турниріне қатыспайды.

Ерлер арасындағы сында 3 шілде күні кортқа алғашқы болып, осы турнирдің екі мәрте жеңімпазы, әлемнің бірінші ракеткасы, ұлыбританиялық Энди Маррей мен қазақстандық Александр Бублик шығады. Әлемдік рейтингте 134-інші орында тұрған А.Бублик іріктеу сайысының финалында жеңіліп қалғанымен, турнирге лаки-лузер ретінде арнайы шақырту алған. Енді, міне, жеребе бойынша бірден әлемнің ең маңдайалды теннисшісімен шеберлік байқаспақшы. Қазақстанның бірінші, әлемнің 118-інші ракеткасы Михаил Кукушкин 4 шілде күні дүниежүзілік рейтингте 89-ыншы сатыда келе жатқан жапониялық Дэниэл Таромен кездеседі. Егер оны ұтқан жағдайда екінші айналымда осы турнирде 27-інші болып тіркелген германиялық Миша Зверев немесе австралиялық Бернард Томичтің біреуімен кортқа шығады.

Айта кетейік, Уимблдон турнирінің жүлде қоры әйелдер арасында да, ерлер арасында да 41 млн. АҚШ долларынан асады. Сондықтан теннисшілер сәтті ойнаса, рейтингте жоғарылап қана қоймай, тым-тәуір табыс та табады.