Теннис: Денис Евсеев Алматы турнирінің екінші айналымына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы қаласында ерлер арасында екінші челленджер турнирі өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Денис Евсеев Алматы турнирінің екінші айналымына шықты

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, бүгін қазақстандық Денис Евсеев жарыстың екінші айналымына шықты.

Д.Евсеев бастапқы кездесуін ресейлік Евгений Тюрневпен өткізіп, 6:7 (10:12), 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Тартысты бәсеке 2 сағат 12 минутқа созылды. Денис бір рет эйс жасап, бес брейкке қол жеткізді. Қарсыласы 19 эйс, 3 брейк жасады.

Бұл олардың өзара алғашқы кездесуі еді.

Өткен аптада Алматыдағы бірінші челленджер жарысының финалына дейін жеткен тағы бір қазақстандық Тимофей Скатов бұл жолы босниялық Мирза Башичке 3:6, 1:6 есебімен есе жіберіп, алғашқы айналымнан аса алмай қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстаннан Олимпиадаға қатысатын теннисшілердің анықталғанын жазған болатынбыз.