Теннис: Дэвис кубогы кездесуінде М.Кукушкин - Н.Джокович ойыны бес партияға созылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Белградта өтіп жатқан Дэвис кубогының 1/8 сайысында Сербия мен Қазақстан арасындағы төртінші кездесуде әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович пен дүниежүзілік сатыда 79-ыншы орында тұрған Михаил Кукушкин күш сынасты.

Теннис: Дэвис кубогы кездесуінде  М.Кукушкин - Н.Джокович ойыны бес партияға созылды

«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, рейтингтегі айырмашылыққа қарамастан, аталмыш матч аса тартысты өрбіді. Бірінші партияда қазақстандық теннисші тайбрейкте жеңіске жетсе, екіншісінде сербиялық ойыншы осындай сәтті құр жібермеді. Үшінші партияда М.Кукушкин 6:4 есебімен қарсыласын ұтса, төртіншісінде 6:3 есебімен Н.Джокович есепті теңестірді. Бесінші, шешуші партияда Новак екі мәрте брейк жасап, 6:2 есебімен қазақстандық теннисшіні тізе бүктірді.

Сөйтіп бес сағатқа жуық уақытқа созылған кездесуде М.Кукушкин атақты қарсыласына қатты қарсылық көрсеткенімен, Н.Джокович 3:2 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан-Сербия арасындағы есеп қайтадан (2:2) теңесті.

Енді соңғы, шешуші кездесуде қазақстандық Александр Недовесов пен сербиялық Виктор Троицкидің қай жеңгені өз командасын келесі айналымға шығарады.