Теннис: Дияс Тайбэй турнирінің екінші айналымына өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс Тайбэйде өтіп жатқан халықаралық турнирдің бірінші айналымында ресейлік Анна Блинковамен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Бірінші партияда Зарина 6:2 есебімен онша қиналмай, жеңіске жетті. Барлығы 1 сағат 29 минутқа созылған бәсекенің екінші партиясы тартысты болды. Есеп 3:5 болып тұрған мезетте қазақстандық теннисші өз геймін алумен бірге брейк жасай білді. Сосын есепті теңестіріп қана қоймай, тағы бір брейкке қол жеткізіп, 7:5 есебімен матчты аяқтады.
Жарыстың алтыншы ракеткасы болып тіркелген Зарина екінші айналымда румыниялық Моника Никулеску немесе Тунис елінің өкілі Онс Жабердің қай жеңгенімен кортқа шығады.
Осылайша, Тайбэй турнирі (жүлде қоры - 226750 АҚШ доллары) қазақстандық теннисшілер үшін сәтті басталды. Мұның алдында Юлия Путинцева жапониялық Дзюнри Намигатаны 6:2, 6:4 есебімен тізе бүктірген болатын.
Алғашқы айналымда күтпеген нәтиже де тіркелді. Осы турнирдің екінші ракеткасы, қытайлық Чжан Шуай украиналық Катерина Козловадан жеңіліп қалды.
Аталмыш жарыс 4 ақпан күні мәреге жетеді.