Теннис: Дохада өтіп жатқан турнирге Қазақстанның үш бірдей теннисшісі қатысуда

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Қазақстанның бірінші, әлемнің 57-інші ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда словакиялық, 1994 жылғы Анна Шмидловамен кездеседі. Биылғы сәтсіз өткен жарыстардан кейін дүниежүзілік рейтингте 69-ыншы сатыға дейін сырғып кеткен Зарина Дияс Латвия елінің өкілі, 1997 жылғы Елена Остапенкомен кортқа шығып, өкінішке қарай, 1:6, 3:6 есебімен жеңіліп қалды. Ал әлемнің 82-інші ракеткасы Ярослава Шведова жапониялық, 1994 жылғы Нао Хибиномен күш сынасады.
Жүлде қоры 2,818 млн. АҚШ долларын құрайтын Доха турнирінің бірінші ракеткасы - Австралия ашық чемпионатының биылғы жеңімпазы, неміс теннисшісі Анжелика Кербер.
Еске сала кетейік, Я.Шведова осының алдында Дубайда өткен ірі халықаралық турнирдің іріктеу сайыстарынан өтіп, әлемнің 13 ракеткасы, итальяндық Роберта Винчиді жеңгенімен, содан кейін дүниежүзілік рейтингте 22-сатыда тұрған Италия елінің тағы бір өкілі Сара Эрраниден өте алмады. Сенбі күні осы С.Эррани Дубай турнирінің жеңімпазы атанды.