Теннис: Елена Рыбакина Әбу-Даби турнирінің ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Әбу-Даби WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 72-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинамен кездесті.

Бұдан бұрын қарсыластар өзара бір рет кездесіп, онда ресейлік теннисші басым түскен еді.

Бұл жолы бірінші партияда брейк жасай білген Е.Рыбакина сол басымдылығын сақтай алды – 6:3.

Елена екінші сетті брейкпен бастап, өз геймін алды – 2:0. Тағы бір брейк – 3:0. Бұдан кейін Д.Касаткина қайыра брейк жасап, есепті қысқартты. Дегенмен қазақстандық спортшы матчты жеңіспен түйіндей білді – 6:4.

Бәсеке 1 сағаттан астам уақытқа созылды.

Осылайша Е.Рыбакина Д.Касаткинадан өткен жылғы жеңілісінен қарымта қайырды.

Е.Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 10-ыншы, осы доданың 4-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен шеберлік байқасады. А.Соболенко үшінші айналымда тунис теннисшісі Онс Жаберді 6:2, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп ол өткен маусымның соңынан бері қатарынан 12-інші жеңісіне қол жеткізді.

Жүлде қоры 565 мың АҚШ долларына бағаланған дода 13 қаңтарда аяқталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Әбу-Даби турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева бүгін үшінші айналымда әлемнің 4-ракеткасы, өткен жылғы Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы, америкалық Софья Кенинмен кортқа шығады.




Соңғы жаңалықтар