Теннис: Елена Рыбакина Берлин турнирінің ширек финалына өте алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Берлин WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәл бүгін 22-ге толған қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 13-інші, осы жарыстың 6-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің екі мәрте чемпионы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен кездесті.

Бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте испаниялық спортшы брейк жасап кетті. Қазақстандық теннисші таразы басын теңестіргенімен, сол қарқынын жалғастыра алмады.

Тағы бір брейк жасаған Г.Мугуруса сетті өз пайдасына аяқтады – 6:4.

Испаниялық теннисші екінші сетте де брейкпен алға шықты – 3:2. Содан кейін матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.

Бір сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Г.Мугуруса 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Керісінше Е.Рыбакина 7 брейк-пойнттың біреуін ғана өз есебіне жаза алды.

Елена 10 эйс жасаса, қарсыласы мұнымен мақтана алған жоқ.

Г.Мугуруса жартылай финалға шығу үшін франциялық Ализе Корнемен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зара Дәркеннің Украинадағы турнирдің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар