Теннис: Елена Рыбакина Индиан-Уэллс турнирінің үшінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың (жүлде қоры – 8,4 млн АҚШ доллары) 17-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші доданы екінші айналымнан бастап, дүниежүзілік рейтингте 58-орында тұрған бельгиялық Элисон Ван Эйтванкпен кездесті.

Е.Рыбакина сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта қарсыласынан 6:1, 7:5 есебімен басым түсті. Қазақстандық теннисші 3 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.

Е.Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 17-ракеткасы, осы турнирдің өткен жылғы финалисі, Беларусь өкілі Виктория Азаренко немесе рейтингте 96-орындағы аустралиялық Астра Шарманың біреуімен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева екінші айналымда тартысты бәсекеде рейтингте 51-орындағы швейцариялық Виктория Голубичтен ұтылып қалды – 3:6, 6:2, 4:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Словакиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар