Теннис: Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Франция ашық чемпионатының 21-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина алғашқы айналымда рейтингте 493- орында тұрған франциялық Эльза Жакмомен кездесті.

Қазақстандық теннисші 21-де болса, «Үлкен дулыға» жарысын ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған қарсыласы 18-де еді.

Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте жанкүйерлері қолдаған корт иесі брейк жасап кетті. Дегенмен бұдан кейін Е.Рыбакина қатарынан үш геймді өз есебіне жазды – 6:4.

Екінші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға шықты –2:0. Бұдан кейін франциялық спортшы қайыра брейк жасағанымен, Елена есепті 4:1-ге жеткізді. Тағы бір брейк –5:1. Содан соң бірінші матчболын сәтті пайдалана білді – 6:1.

Бәсеке 1 сағат 12 минутқа созылды.

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 82-ракеткасы,жапониялық Нао Хибино немесе рейтингте 87-сатыдағы сербиялық Нина Стояновичтің біреуімен кортқа шығады.

Өткен жылы Е.Рыбакина екінші айналымда франциялық Фиона Ферроға жол берген еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Шымкент турнирінің финалына шыққанын, Ролан Гаррос турнирі басталатынын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар