Теннис: Елена Рыбакина Санкт-Петербург турнирін сәтті бастады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Санкт-Петербург WTA 500 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 81-орында тұрған ресейлік Варвара Грачевамен кездесті.
Бірінші партияда екі брейк жасаған қазақстандық теннисші айқын басымдылық көрсетті - 6:2.
Екінші сетте алғашқы геймін В.Грачева алғанымен, одан кейін Е.Рыбакина дес бермеді - 6:1.
Бір сағатқа жуық уақытқа созылған матчта Е.Рыбакина 5 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді.
Қазақстандық теннисші ширек финалға шығу үшін әлемнің 42-ракеткасы, чехиялық Тереза Мартинцовамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің жұптық сында Роттердам турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.