Теннис: Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің ширек финалына шыға алмады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің ширек финалына шыға алмады

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің төртінші, осы «Үлкен дулыға» додасының екінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен күш сынасты.

Осыған дейін қарсыластар өзара екі мәрте кездесіп, үш сетке созылған бәсекелерде белоруссиялық теннисші жеңіске жеткен еді.

Бірінші партияны қос спортшы брейк алмасумен бастады. Содан кейін А.Соболенконың басымдылығы байқалды – 6:3.

Екінші сетте есесіне Е.Рыбакина 3:1 есебімен алға кетті. Бірақ А.Соболенко таразы басын теңестірді – 3:3. Дегенмен қазақстандық теннисші қайта брейк жасап, өз геймін де алды – 5:3. Сосын сетке доп бергенде, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда есеп 4:3 болған мезетте Соболенко брейк жасап кетті. Содан кейін матчболын құр жібермеді – 6:3.

Тартысты бәсеке 1 сағат 49 минутқа созылды.

Матч барысында Е.Рыбакина 10 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. А.Соболенко 10 эйс, 5 брейкке (11 брейк-пойнт) қол жеткізді.

А.Соболенко жартылай финалға шығу үшін рейтингте 24-орында тұрған тунистік Онс Жабермен таласады. Ол әлемнің 9-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекті 5:7, 6:1, 6:1 есебімен ұтты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің Уимблдон іріктеу сайысының финалына шыққанын, елордада Президент кубогы аясында 3 халықаралық турнир өтетінін жазған болатынбыз.