Теннис: Елена Рыбакина жұптық сында Индиан-Уэллс турнирін жеңіспен бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина жұптық сында Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Елена Рыбакина жұптық сында Индиан-Уэллс турнирін жеңіспен бастады

Е.Рыбакина ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге алғашқы айналымда аустралиялықтар Анастасия және Арина Родионовамен шеберлік байқасты.

Қазақстандық-ресейлік жұп 6:3, 3:6, 10:6 есебімен жеңіске жетті.

1 сағат 18 минутқа созылған матч барысында Е.Рыбакина мен В.Кудерметова 4 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді. Аустралиялық жұп 3 брейкке (9 брейк-пойнт) қол жеткізді.

Е.Рыбакина мен В.Кудерметова екінші айналымда чилилік Алекса Гуарачи – америкалық Дезире Кравчик немесе ұлыбританиялық Хитер Уотсон – қытайлық Сайсай Чжэн жұптарының қай жеңгенімен кездеседі.

Е.Рыбакина жекелей сында екінші айналымда отандасы Юлия Путинцевамен кортқа шығады. Қай жеңгені үшінші айналымға өтеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Индиан-Уэллсте Юлия Путинцева мен Елена Рыбакинаның өзара кездесетінін, Зарина Диястың екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.