Теннис: Федерер Джоковичке есе жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Австралия ашық чемпионатының жартылай финалында Роджер Федерер мен Новак Джокович бақ сынасты.
Өте жоғары деңгейде ойнайтын екі қарсылас арасындағы дәл бүгінге дейінгі есеп 22-22 болған еді. Осы кездесуден кейін әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович атақты Федерерден 6-1, 6-2, 3-6, 6-3 есебімен 23-ші рет басым түсті. Екі теннисші арасындағы 45-ші кездесудің алғашқы 2 сетінде швейцариялық маэстроның ойыны тіпті жүрмеді.
Артынша Джоковичтің қарқыны тым жоғары болса керек. Үшінші сетте ғана Роджер өзінің оңай жеңіле қойматынын тағы бір мәрте дәлелдеп, сол сетті өз пайдасына шешті. Бірақ қанша күш салса да, сербиялық теннисші өзінің Үлкен шлем турниріндегі қатарынан 20-шы жеңісіне қол жеткізіп отыр.
Ол өткен жылы Франция ашық чемпионатының финалында Станислас Вавринкаға ғана есе жіберген еді. Осы күнге дейін теннис тарихында Австралия чемпионатының финалдық бәсекесіне ешкім 6 рет шықпаған.
Сөйтіп, сербиялық даңқты теннисші аталған чемпионаттың финалына шығып отыр. Ал оның қарсылысы ертең анықталады. Ертең Мельбурн қаласының теннис орталығында канадалық Милош Раонич пен ұлыбританиялық Энди Маррей кездеседі. Бұл кездесу Астана уақытымен сағат 14-30-да басталады.
Бір айта кетерлік жайт, Энди Австралия чемпионатының ақтық сынына 4 рет шығып, бірақ бірде-бір рет жеңіске жете алмаған еді. Өткен жылы финалда Новак дәл сол Маррейді жеңген болатын.