Теннис: Германиямен матчқа қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде Германиямен матчқа қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, аталған матч 15-16 сәуір күндері елордадағы Ұлттық теннис орталығында арнайы әзірленген топырақ төсеніші кортында өтеді.

Ярослава Шведова бастаған ел құрамасының бапкерлік штабы мына ойыншыларды таңдап алды: Елена Рыбакина (жекелей сында әлемнің 20-ракеткасы), Анна Данилина (жұптық сында әлемнің 22-ракеткасы), Юлия Путинцева (47-ракетка), Зарина Дияс (110-ракетка), Жібек Құламбаева (жұптық сында 297-ракетка).

«Құраманы жасақтаған кезде рейтингі мен турнирлердегі соңғы нәтиже ескерілді. Құрамаға Жібек Құламбаева алғаш рет алынды. Жастарға мүмкіндік беру керек деп санаймын. Германияның тәжірибесі мол, құрамы да мықты. Дегенмен біз өз жанкүйерлеріміздің алдында өнер көрсетеміз. Бұл - жақсы демеу. Сондықтан финалға шығу үшін бар күшімізді саламыз»,- деді ұлттық құрама капитаны Ярослава Шведова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Индиан-Уэллс турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар