Теннис: Индиан-Уэллс турнирінде Путинцева мен Рыбакина өзара кездеседі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ю.Путинцева алғашқы айналымда рейтингте 74-орындағы германиялық Андреа Петковичпен кортқа шықты.
Бұған дейін екеуінің өзара бес рет жолдары тоқайласса, соның үшеуінде қазақстандық теннисші жеңіске жеткен екен.
Бұл жолы бірінші партияда қарсыластар үш реттен брейк жасады. Тай-брейкте Путинцеваның асығы алшысынан түсті – 7:6 (7:2).
Екінші сетте Юлия 3:0 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 5:1. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:1.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы бес брейк-пойнтты түгелдей пайдалана білді. Қарсыласы 1 эйс, 3 брейкпен (5 брейк-пойнт) шектелді.
Ю.Путинцева екінші айналымда Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакинамен өзара кездеседі. Осы жарыстың 13-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина турнирді бірден екінші айналымнан бастайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Индиан-Уэллсте негізгі турнирге жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Әлемнің 108-ракеткасы З.Дияс бірінші айналымда рейтингте 121-сатыдағы жапониялық Нао Хибиномен шеберлік байқасады. Осыған дейін өзара төрт кездесіп, соның біреуінде ғана Зарина басым түскен.