ТЕННИС: Итальяндық Ф.Пеннета сенсация жасап, US Open турнирінің финалына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Итальяндық теннисші, әлемдік рейтингте 26-ыншы орында тұрған 33 жасар Флавия Пеннета сенсация жасап, US Open турнирінің финалына шықты.
Еуроспорт арнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, Ф.Пеннета өзінен он жасқа кіші, әлемнің екінші ракеткасы, румыниялық Симона Халепке дес бермей, 6:1, 6:3 есебімен күйрете жеңді.
Бұл - осыған дейін жекелей сында «үлкен дулыға» турнирлерінің екі мәрте жартылай финалына шыққан Ф.Пеннетаның спорттық ғұмырындағы ең ірі табысы.
Енді финалда итальяндық теннисші әлемнің бірінші ракеткасы, американдық Серена Уильмс немесе өзінің отандасы, дүниежүзілік сатыда 43-інші орында тұрған Роберта Винчидің біреуімен кездеседі.
Айта кетейік, ерлер арасындағы жекелей сында мұндай күтпеген нәтижелер әзірге көп бола қойған жоқ. Бұл жолы жартылай финалда әлемнің бірінші ракеткасы, сербиялық Новак Джокович пен US Open турнирінің өткен жылғы жеңімпазы, хорват Марин Чилич, сондай-ақ швейцариялықтар Станислас Вавринка мен Роджер Федерер өзара кездеседі. Бұлардың төртеуі де - «үлкен дулыға» турнирлерінің жеңімпаздары (соның ішінде Р.Федерер әлем чемпионатымен тең саналатын «үлкен дулыға» турнирін 17 мәрте, Н.Джокович 9, С.Вавринка 2, М.Чилич 1 рет ұтқан). Мұндай оқиға US Open турнирінде тура жиырма жылдан кейін қайталанып отыр. 1995 жылғы АҚШ чемпионатының жартылай финалында осындай атақ-дәрежелері бар Пит Сампрас, Борис Беккер, Андре Агасси және Джим Курье ойнаған еді.