ТЕННИС: Итальяндық Ф.Пеннетта US Open турнирінің жеңімпазы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Итальяндық теннисші, әлемдік рейтингте 26-ыншы орында тұрған 33 жасар Флавия Пеннетта US Open турнирінің жеңімпазы атанды.

ТЕННИС: Итальяндық Ф.Пеннетта US Open турнирінің жеңімпазы атанды

Еуроспорт арнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, Ф.Пеннетта финалда өзінің отандасы, дүниежүзілік сатыда 43-інші орында тұрған, 32 жасар Роберта Винчимен күш сынасты.

Бірінші партия аса тартысты болып, онда тай-брейкте Ф.Пеннетта жеңіске жетті. Екінші партияда ол бірден екі брейк жасап, 4:0 есебімен алға шықты. Бұдан кейін Р.Винчи есепті 4:2-ге қысқартқанымен, одан әріге шамасы жетпеді. Сөйтіп Ф.Пеннетта 7:6, 6:2 есебімен қарсыласын ұтып, өз спорттық ғұмырында алғаш рет «үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атанды.

Бұл финалдың ерекшелігі, онда алғаш рет жасы отыздан асқан және бұрын «үлкен дулыға» турнирінің соңғы бәсекесіне шығып көрмеген итальяндық теннисшілер ойнады.

Ф.Пеннеттаның бұл жеңісі оған орасан зор қаржылай табыс әкеліп қана қоймай, бірден әлемдік рейтингте 8-інші орынға көтерілуіне мүмкіндік береді.

Жартылай финалда Ф.Пеннетта әлемнің екінші ракеткасы, румыниялық Симона Халепті тізе бүктірсе, Р.Винчи мүлде күтпеген жерден дүниежүзілік рейтингтің көшбасшысы, америкалық С.Уильямсты тоқтатқан болатын.

Еске сала кетейік, биылғы Уимблдон турнирінің алғашқы айналымында осы Флавия Пеннеттаны Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс ұтқан еді. Алайда З.Дияс US Open турнирінде бірінші кездесуінде-ақ жеңіліс тапты.