Теннис: Қазақстан – Бельгия матчында Путинцева таразы басын теңестірді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кортрейкте Федерация кубогының іріктеу кезеңінде Қазақстан мен Бельгия матчында Юлия Путинцева мен Исалин Бонавантюр кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл 25-ке толған Ю.Путинцева әлемнің 34-ракеткасы болса, бір жастай үлкендігі бар қарсыласы 115-сатыда тұрған-ды.
Бірінші партияда бельгиялық спортшы басымдылық көрсетті – 6:3.
Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте жетінші геймде И.Бонавантюр брейк жасап кетті. Есеп 5:3 болып, қазақстандық теннисші доп бергенде, Бонавантюр үш бірдей матчболын пайдалана алмады. Содан кейін Юлия брейк жасап, таразы басын теңестірді – 5:5. Бұдан кейін қарсыластар брейк алмасты. Тай-брейкте Путинцева әбжілдік танытты – 7:6 (7:2).
Үшінші, шешуші партияны Ю.Путинцева брейкпен бастады – 1:0. Тағы бір брейк – 4:1. Ақыры осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:2.
Аса тартысты бәсеке 2 сағат 35 минутқа созылды.
Осылайша Қазақстан мен Бельгия матчында есеп теңесті – 1:1.
Сенбі күні Ю.Путинцева Элизе Мертенспен, Зарина Дияс Исалин Бонавантюрмен ойнайды. Жұптық бәсекеде Ярослава Шведова мен Анна Данилина Кирстен Флипкенс пен Гретье Минненмен сынға түседі.
Үш ұпайға ие болған құрама жеңіске жетіп, сәуір айында Будапеште өтетін финалдық сайысқа жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Федерация кубогында Қазақстанның Бельгияға бір ұпай беріп қойғанын жазған болатынбыз.