Теннис: Қазақстан қыздары жапондықтарға есе жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы Федерация кубогы-2015 финалында Жапония құрамасына есе жіберді.
ҚР Теннис федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Юлия Путницева 2 сетте де қарсыласы Мисаки Доуйға 1:6, 3:6 есебімен ұтылды. Ал Ярослава Шведова Куруми Нараны бірінші сетте 6:2 есебімен тізе бүктіргенімен келесі екі сетте 6:7, 3:6 есебімен ұтылып қалды.
«Апта өте тамаша өтті. Мықты командаларға қарсы 4 тамаша ойын болды. Бүгін жеңіске жете алмасақ та біз 100 пайыз барымызды салдық. Біздің командамыз өте жақсы жасақталған. Келер жолы жеңіске жетеміз», - деп жазды Ярослава Шведова кездесуден кейін өзінің Инстаграмдағы парақшасына.