Теннис: Қазақстан-Нидерланды матчында Бублик есепті теңестірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада өтіп жатқан Дэвис кубогы іріктеу кезеңінде Қазақстан - Нидерланды матчында Александр Бублик есепті теңестірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екінші ойында Қазақстанның бірінші, әлемнің 51-ракеткасы А.Бублик рейтингте 196-орында тұрған Таллон Грикспурмен кездесті.

Бірінші партия тай-брейкке дейін созылып, онда қазақстандық теннисші жеңіске жетті - 7:6 (7:4).

Екінші сетте Бублик 2:0 есебімен алға шыққанымен, Грикспур таразы басын теңестірді. Дегенмен тағы да тай-брейкте Бублик есесін жібермеді - 7:6 (7:4).

Бәсекеге екі сағатқа созылды.

Осылайша Қазақстан - Нидерланды матчында есеп теңесті - 1:1.

Матч жеңімпазы ертең анықталып, Дэвис кубогының финалдық турниріне жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның алғашқы ойында есе жібергенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар