Теннис: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Дэвис кубогының іріктеу кезеңіне жолдама алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шри-Ланкада 16 жасқа дейінгі ұлттық құрамалар арасында Juniors Davis Cup іріктеу кезеңі алдындағы жарыс мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Дэвис кубогының іріктеу кезеңіне жолдама алды

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, ұлттық құрама капитаны Жансұлтан Чемботев бастаған ойыншылар Дамир Қалдыбеков, Әмір Омарханов және Виталий Зацепин алдымен Малайзияны 3:0 есебімен ойсырата ұтты.

Содан кейін дәл сондай есеппен Ирактан айласын асырды. Ширек финалда қазақстандық жасөспірімдер Монғолияны тізе бүктірді – 3:0.

Вьетнаммен жартылай финалдық матч тартысты өтті. Әуелі Ә.Омарханов Нгуенді жеңді – 6:4, 6:2. Әйтсе де Д.Қалдыбековті 6:2, 6:1 есебімен қапы қалдырған Фам Ла Хунг таразы басын теңестірді – 1:1. Дегенмен жұптық кездесуде Ә.Омарханов пен В.Зацепин финалда жолдама әперді.

Финалда Қазақстан құрамасы 0:2 есебімен Ираннан ұтылды. В.Зацепин Гавамға 5:7, 7:6, 3:6, Ә.Омарханова Рахманиге 5:7, 2:6 есебімен есе жіберді.

Соған қарамастан, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы сәуір айында осы Шри-Ланкада өтетін Дэвис кубогының іріктеу кезеңіне жолдама алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеев елорда турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Д.Евсеев жартылай финалда чехиялық Давид Поляктан ұтылып қалды.