Теннис: қазақстандық Ю.Путинцева Австралия чемпионатында үшінші айналымнан аса алмады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мельбурн қаласында теннистен өтіп жатқан Австралия ашық чемпионатының үшінші айналымында қазақстандық Юлия Путинцева ресейлік Маргарита Гаспарянмен күш сынасты.
Екі спортшының жастары шамалас. 1994 жылғы М.Гаспарян дүниежүзілік рейтингте 58-інші орында тұрса, жуырда ғана 21-ге толған Ю.Путинцева - әлемнің 76-ыншы ракеткасы.
Бірінші партияда бірден екі брейк жасаған ресейлік теннисші 4:0 есебімен алға шықты. Бұдан кейін үш геймді өз пайдасына жазған Юлияның есепті теңестіретіндей мүмкіндігі болғанымен, оны пайдалана алмады. Сөйтіп тағы бір брейкке қол жеткізген М.Гаспарян бірінші партияда 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Екінші партия да қазақстандық теннисші үшін сәтсіз басталды. Бірден брейк жасаған ресейлік спортшы өзі доп берген сәтте де қателеспей, 2:0 есебімен алға кетті. Юлия есепті қысқартқанымен, Маргарита қайтадан брейк жасап, 4:1-ге жеткізді. Дегенмен қазақстандық теннисші де қалыспай, есепті қайта 3:4-ке дейін қысқартты. Бұдан кейін қарсыластар өз геймдерін бермей, партия 6:4 есебімен М.Гаспарянның пайдасына аяқталды. Сөйтіп ол сағат жарымнан астам уақытқа созылған кездесуде екі партияда ұтып кетті. Матч барысында Ю.Путинцева кейбір шешуші сәттерде қателіктерге бой алдырды. Теннисте бір ғана сәттің өзі кей кезде үлкен рөл атқарады.
Сонымен, Австралия біріншілігінде жекелей сында Қазақстаннан ешкім қалған жоқ.
Еске сала кетейік, бірінші айналымда Ю.Путинцева әлемнің бұрынғы бірінші, қазіргі 18-інші ракеткасы, даниялық Каролина Возняцкиді ұтып, сенсация жасаған еді. Ю.Путинцеваның үшінші айналымға дейін жетуінің өзі үлкен табыс деп айтуға болады. Енді оның рейтингісі жоғарылап, Қазақстанның бірінші ракеткасы атануы әбден мүмкін.
Батыс Қазақстан. ҚазАқпарат.