Теннис: Қазақстандық жұп Анталиядағы турнирдің жартылай финалына шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Гөзал Айнитдинова мен Жібек Құламбаева жұптық сында Анталиядағы ITF турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жүлде қоры 15 мың АҚШ долларына бағаланған додада қазақстандық жұп әуелі ресейлік Дарья Астахова мен боливиялық Ноэлия Себальосты 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Г.Айнитдинова мен Ж.Құламбаева ширек финалда чехиялықтар Мириам Колодзиэёва – Анета Лабуткованы 6:1, 3:6, 10:7 есебімен жеңді.
Қазақстандық жұп финалға шығу үшін америкалық Джесси Эйни – оңтүстіккореялық Со Хен Пакпен таласады.
Жұптық сында тағы бір қазақстандық Екатерина Дмитриченко украиналық Виктория Петренкомен бірге жартылай финалдан тыс қалды. Олар осы жарыстың 2-ракеткалары румыниялық Кристина Дину – италиялық Анжелика Морателлимен тартысты кездесу өткізді. Бірінші партияда 4:6 есебімен қарсыластарына есе жіберсе, екіншісінде қарымта қайырды – 6:4. Тай-брейкте Дину мен Морателлидің жолы болды – 11:9.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ турнирінде 6 қазақстандық бақ сынайтынын жазған болатынбыз.