Теннис: Қазақстанның қос бірдей спортшысы Мальоркада өнер көрсетеді

Чемпионат.ком сайтының хабарлауынша, Қазақстанның бірінші, әлемнің 35-інші, осы жарыстың 5-інші ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда іріктеу сайыстарынан өтіп, негізгі турнирге жолдама алған теннисшілердің бірімен күш сынасады. Ал Ярослава Шведова осы турнирге арнайы шақыртумен қатысып отырған словакиялық Даниэла Гантуховамен кортқа шығады. Қазақстандық теннисшілер бастапқы кездесулерін жеңіспен аяқтаса, екінші айналымда өзара шеберлік байқасады.
Айта кетейік, көптеген спортшылар үшін алдағы Уимблдон турниріне дайындық есебінде өтетін Мальорка жарысының жүлде қоры - 226750 АҚШ доллары. Турнирдің басты жұлдызы - биылғы Ролан Гарростың жеңімпазы әрі өткен жылғы Уимблдонның финалисі, испаниялық Гарбинье Мугуруса. Сондай-ақ әлемнің бұрынғы бірінші ракеткалары, сербиялық Елена Янкович пен Ана Иванович те өнер көрсетеді.