Теннис: Қос спортшы өздерінің туған күнінде Гаррос турнирінде бақ сынасты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парижде теннистен өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалында әлемнің 47-інші ракеткасы, латвиялық Елена Остапенко мен дүниежүзілік рейтингте 31-інші сатыда тұрған швейцариялық Тимя Бачински бүгін өздерінің туған күндерінде шеберлік байқасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Швейцариялық теннисші дәл осы күні 28-ге толса, латвиялық спортшы небәрі 20 жастың биігіне шықты.
«Еуроспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, бірінші партияда Е.Остапенко тай-брейкте 7:6 (7:4) есебімен басым түсті. Екінші партияда Т.Бачински 6:3 есебімен есе қайтарды. Үшінші, шешуші партияда қос теннисшінің де ұтатындай мүмкіндіктері болды. Дегенмен мұны Елена Остапенко сәтті пайдаланып, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп 2 сағат 24 минутқа созылған тартысты матчта жастық жалын-жігеріне қоса шеберлігін көрсете білген Остапенко өз спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің финалына жолдама алды. Бұл - Латвияның теннис спорты тарихындағы әзірге рекордтық табыс.
Латвиялық теннисші сенбі күні финалда әлемнің үшінші және төртінші ракеткалары, чехиялық Каролина Плишкова немесе румыниялық Симона Халептің қай жеңгенімен ойнайды.